Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 199 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында 519,9 шақырым жол мен жолаяқ және 16 көпір пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың құрылыс нысандарын аралуы кезінде айтылды.
Жыл басында өңір басшысының тапсырмасына орай жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, қаланың орталық көшелерін кеңейту жұмыстары басталған болатын. Осы аталған тапсырманың орындалуын қадалаған әкімдік өкілдері Тәуке хан мен Д.Қонаев даңғылы бойындағы жолдардың жөндеу жұмыстарын аралап көрді.
Қазіргі таңда қаланың орталық көлік қозғалысындағы маңызды бағыт — Тәуке хан даңғылы бойындағы жол жиегіндегі арықтар, аяқжолдар мен пандустар жаңартылуда. Күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың қараша айына дейін жалғасын таппақ. Қуантарлығы, құрылыс жұмыстарына пайдаланылған қажетті материялдардың 95 пайызы отандық құрылыс өнімдері.
«Жалпы облыста 199 нысанда жөндеу жұмыстар жүргізіліп, 519,9 шақырым жол мен жолаяқ және 16 көпірді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 153,1 шақырым күрделі және 147,9 орташа жөндеуден, 72,3 шақырым құрылыс пен қайта құру, 146,7 шақырым елді мекендердің көшелері орташа жөндеумен қалпына келтірілетін болады» деп атап өтті ОҚО әкімінің орынбасары тілшілерге берген сұхбатында.