«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі 8 наурыз мерекесіне орай арнайы түсірілген құттықтау ролигінің мазмұны үшін кешірім сұрады.
Еске сала кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай елордадағы ҚТЖ әкімшілік ғимаратының экранында көрсетілген аниме стиліндегі мерекелік құттықтау бейнеролигінен кейін, әлеуметтік желіде оның мазмұнына қатысты сын айтушылар көбейді. Сын айтқандардың дені құттықтау ролигінің мазмұнын сексистік сипатта және екіұдай ойды меңзейтін әрі әйелдер қауымының көңіліне кірбің түсіретіндей мәнге ие деп санады.
Осы жағдайдан кейін КТЖ баспасөз қызметі көпшіліктен кешірім сұрап, бұл жерде қыз-келіншектер қауымын төмендету немесе қорлау мақсаты көзделмегенін мәлімдеді.
«Біз осы видео әсерінен туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Мұндай видео көрсету арқылы әйелдерді ренжіту немесе масқаралау көзделген жоқ. Сондай-ақ темір жол саласында қызмет етіп келе жатқан әйелдерге ризашылығымыз мен құрметімізді білдіреміз. Бүгінде компанияда 24 мыңнан астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 20 процентін құрайды», - делінген ресми хабарламада.