3 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды. Олардың пікірінше, бұл кедейлікте өмір сүріп жатқан балалар санын азайтады, демографияға оң әсер етеді. Алайда, көп ұзамай халық қалаулыларының бұл бастамасы ресейлік саясаттың көшірмесі, тіпті, популистік әрекет деген сынға ұшырады. Бастама жай ғана ұсыныс па, әлде баянды іс пе? Azattyq Rýhy тілшісі сарапшылардан сұрап көрді.
«ЮНИСЕФ зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 15,6%-ы жағдайы өте төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Яғни, елімізде 1 миллион бала кедейлікте өмір сүріп келеді. Отандық ғалымдардың зерттеуінше, көпбалалы болу кедейлік факторына айналып барады. Мәселен, тұрмысы төмен қазақстандықтардың 80 пайызының отбасында 5 және одан көп адам бар... Бізде қазір балаға салынатын негізгі инвестицияның бәрі ата-ананың қалтасынан төленеді. Алайда, оның пайдасын көретін – мемлекет пен қоғам.
Елімізде аналық капиталды енгізу қажеттілігі туындап тұр. Ол бойынша мемлекет Қазақстан азаматтарына дүниеге келген әр бала үшін 4,2 миллион теңге беруі тиіс. Бұл қаражат отбасының баспана мәселесін реттеуіне немесе баланы оқытуға, ананың зейнетақы жинағына жұмсалуы керек», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов.
Бұл ұсыныстан кейін қазақстандықтар пікірі қаққа жарылды. Сенген адамдар қуанып жатса, бұл ұсыныс тағы бір топ өкілдерінің күлкісін тудырған.
Белгілі демограф, Қазақстанның демографиялық жылнамасының авторы Ерболат Мұсабек еліміз бала туу көрсеткіші бойынша болашағы бар елдердің тізіміне кіретінін айтты.
«Қазақстан халқының саны 19 млн-ға жақындап қалды. Жылына орта есеппен 400 мың сәби дүниеге келеді. Туу көрсеткішін арттыру үшін әйелдердің жас құрамын бақылауға алу маңызды. Мәселен, Қазақстандағы туудың жиынтық коэффициенті – 2,7. Бұл туу көрсеткіші ылғи өсіп отыр дегенді білдіреді. Ал Ресейде туудың жиынтық коэффициенті - 1,6. Яғни, бала туу көрсеткіші кеміп отыр. Олар халық санын көші-қонның арқасында ғана көбейтті. Ресейде туу көрсеткішінен өлім саны көп, сол себепті олар аналық капитал ұғымын енгізді. Әрине, аналық капитал туралы бастаманың халық санын көбейтуге оң ықпалы болары сөзсіз», - дейді демограф Ерболат Мұсабек.
Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнограф әрі демограф Аманжол Қалыш бұл бастаманың іс жүзінде орындалатынына сенбейді.
«Мен сізге айтайын, мұның бәрі өтірік! Біздің елде аналарға 4,2 млн теңге бермейді. Өйткені, біздің елде бәрі қағаз жүзінде әдемі. Мәселен, ауылда тұрып жатқан әйелдердің 80 пайызы – жұмыссыз. Қазақстанда табиғи өсім жоқ. Неге? Өйткені, экономикалық өсім жоқ. Бала тууға қолдау жоқ. 90-жылдары орыс, еврей, украин, неміс ұлтының өкілдері тарихи отанына көшіп кетті. Қазір тек қандастар есебінен көбейіп отырмыз.
Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте аналар әкімдіктердің алдына барып, өз құқығын қорғауға мәжбүр. Бізде қалай? 10 тауығың немесе 10 алма ағашың болса, мемлекеттен ештеңе төленбейді.
4 млн төленсе де, «сенің тауығың, ағашың бар» деп, көп ана тиісті ақшадан қағылатыны анық. Сондықтан, өтірік деп есептеймін. Арабтар әр туылған сәбиге 100 мың доллар төлейді, шынтуайтында 4 млн теңге үлкен қаражат емес», - дейді Аманжол Қалыш.
Ал экономистер не дейді? UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық бұл бастамаға оң бағасын берді.
«4,2 млн теңге – көп қаражат. Неге? Депутаттық популизм деуге де келеді. Бірақ, Парламентте көтеріліп жатса, ол да дұрыс. Ертең бір келісімге келіп қалуы мүмкін. Осы бағаның жартысы төленсе де, жақсы болар еді. Негізі «аналық капитал» ұғымын біз - экономистер талай рет ұсындық. Бұл ананың статусын, мәртебесін арттырады. Ақшаның көлемінен бұрын, статустың заңдастырылуы маңызды.
Сонда «Асырай алмасаң, сізге кім көп бала ту деді» дейтіндердің саны азаяды. Бұл ұсыныс Ресейдің мысалында ғой енді. Көрші елде бірінші туылған балаға 2,5 млн теңдеген асатын қаражат береді. Бала саны артқан сайын төлем де артады. Ипотекалық несиесі болса, көпбалалы отбасыларға 2,5 млн теңгеге дейін мемлекет қарызын жауып береді. Мұндай қолдаулардың бізде де болғаны дұрыс.
Ал енді Еуропаны алып қарасақ, аналық капитал ол жақта да кең тараған. Венгрияда 31 мың еуро көлемінде аналық капитал тағайындалған. Оны теңгеге шақсақ, 15 млн теңгеден асады. Көпбалалы аналарға минивен сияқты үлкен көлік алу үшін 7,5 мың еуро тағы сыйлық ретінде субсидия беріледі. Көпбалалы отбасылар өмірінің соңына дейін салықтан босатылады. Менің ойымша, әлеуметтік сипаттағы мемлекет құрып жатқаннан кейін, мұндай қолдаулар біздің елімізде де қажет», - дейді Мақсат Халық.
Аналық капитал – Ресейде бала тәрбиелеп отырған отбасыларды мемлекеттік қолдаудың бір түрі. Бұл 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей азаматтығы бар отбасыларға қолдау ретінде көрсетіліп келеді. 2020 жылы РФ билігі әр туылған балаға 466 617 рубль (2,6 млн теңге) төлеп отыр.
Бала тууға арналған қаржылық ынталандыру Ресейде ғана емес, Финляндия, Эстония, Италия, Жапония, Аустралия сияқты елдерде де пайда болды.
Мысалы, Business Insider мәліметтері бойынша, Жапониядағы аналық капиталдың аналогы бала туудың өсуіне оң ықпал етті. Соңғы екі жылда Жапония бала туудың (20 жыл ішіндегі) ең жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Бұл елде ата-аналарға бірінші баласы үшін 100 мың иен (940 доллар) төленеді, ал төртінші бала туған кезде отбасы 1 миллион иенге дейін (шамамен 9 400 доллар) алады.
Ал Қазақстанда Мәжіліс депутаттарының ұсынысы іс жүзінде орындала ма, ол жағы әлі белгісіз.