$ 498.34  519.72  4.85

Отырар ауданында топырақты құнарландыру жұмыстары қолға алынды

Отырар ауданында топырақтың құнарлылығын арттыру, өнімділікті еселеу және тұзданған топырақты мүмкіндігінше сауықтыру арқылы қайта айналымға қосу жұмыстары мықтап қолға алынуда. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Таяуда аталған егіс алқабында аудандағы егін саласындағы өзекті мәселелерді шешу, жер құнарын арттыру, топырақтың тұздылығын төмендету мақсатында облыстық далалық семинар өтті. Семинарға аудан әкімі Е.Айтаханов, ауданның ауыл шаруашылығы саласының өкілдерінен өзге облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының директоры А.Сапаров және институт ғалымдары А.Отаров, Г.Аташева, М.Пошановтар қатысты.

Сондай-ақ, семинарға арнайы Жапониядан Киото университетінің профессоры Фунакава Шинья, аталған университеттің бір топ магистранттары келіп, келелі пікірлері мен ғылыми тұжырымдамаларын ортаға салды.

Басқосуда аудан әкімі Е.Айтаханов бүгінгі егін егу технологиясын ғылымның жетістіктерімен ұштастыру керек екендігін баса айтты. Сонымен бірге, аудандағы 368 шақырымды құрайтын дрендер жүйесі мен 55 шақырымдық «Шәуілдір» бас коллекторы толық жөндеуден өткенде егіс алқабы көбейіп, Отырар жүгерісі бұрынғы даңқына қайта ие болатынына сенім білдірді.

Жаңа ғасыр жаңа технологияларды талап етіп, өркениет пен ғылым егіз ұғымға айналған бүгінгі күні қаншама ғылыми жаңалықтар дүниеге келіп жатыр. Қоршаған ортаны ластамау үшін әлемдік маңызға ие биоэтанол өндірісі Отырарда қолға алынса, ауданда экологиялық таза өнімнің бренді қалыптаспақ. Айтулы жобаны жүзеге асыру ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналатын болады.

Семинар соңында шаруалар мен семинар қонақтары аттылы кісі көрінбейтін жүгері алқаптарын аралап, собықтарын саралап көрді. Көрген адамның көзі тоятын жүгері алқабының осылай жайқалуы ғылымның жетістігі екендігі айдан анық. Ғылым мен шаруалардың тәжірибесін ұштастыра білген кезде өнімнің мол болатынына семинарға қатысушылардың бәрінің көзі жетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары