Шымкент қаласында жүкті әйелдерді есепке қою үшін емханада 1 мың теңге, перзентханада туу туралы куәлікті беру үшін 2 мың теңге ақша талап етіліп келген. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің онлайн-брифингінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлім етілгендей, полиция қызметкерлеріне қатысты - 30, білім беру саласында - 26 және денсаулық сақтау қызметкерлерінің үстінен 23 шағым түскен.
Шағымдардың басым бөлігінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін параны бопсалау (17), кедергісіз жол жүру, анықтамалар, жүргізуші куәліктерін, дипломдар беру, мүгедектікті, жәрдемақыларды ресімдеу, жұмысқа орналастыру және өзге де фактілер бар.
Шағымдар бойынша өңірлер бөлінісінде Түркістан облысы (28), Алматы қаласы (14), Шымкент (10) және Нұр-Сұлтан қалалары (11) көш бастап тұр.
Мысалы, биыл 15 ақпанда «1424 Call-орталығы» арқылы келіп түскен шағым бойынша Түркістан облысы аудандарының бірінде – бас маман, ауылдық округ әкімдігінің атаулы әлеуметтік көмек беру жөніндегі комиссиясының төрағасы жәрдемақыны кедергісіз алу үшін 7 000 теңге сомасында пара алу сәтінде әшкереленді.
«Сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша департамент жүкті әйелдерді есепке қою үшін емханада 1 мың теңгеден, перзентханада туу туралы куәлікті беру үшін 2 мың теңгеден, университетте емтиханнан баға алу үшін белгілі бір ставкалар белгіленген ақшалай қаражат алуды тоқтатты. Аталған мекемелерде Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде ұжымдық жиналыстар өткізілді», - деді спикер.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысының медициналық колледжінде студенттерден емтихан тапсыру үшін тұрақты түрде ақша жинау фактісі бойынша 4 оқытушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Семей қаласының БСМК-нің 2 дәрігеріне тегін компьютерлік томография жүргізуге мүгедектен ақша алғаны үшін «сөгіс» жариялады. ШҚО Семей аймағы бойынша МКБ қызметкерлерінің араласуынан кейін мүгедек жанға ақшасы қайтарылды.