Қызылжарда Алматыдан келген жиен бір отбасын ойран етті. Нағашыларын қан жоса етіп пышақтап тастаған қаскүнемнің қолынан оның жеңгесі қаза болды. Ал інісі мен әжесі қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Елді елең еткізген оқиға болған үйде қаныпезер отбасы мүшелерін бірнеше сағат бойы қинаған көрінеді. Себебі, сағат түнгі үштер шамасында оқиға орнына келген жедел жәрдем жәбірленушілердің тұла бойында сау жері қалмағанын айтады.
Азғынның қатыгездігінен дәрігерлердің төбе шашы тік тұрған. 49 жастағы әйелдің жарақаттары тым ауыр болғандықтан, ол қалалық ауруханаға жеткен сәтте жан тапсырған. Ал 29 жастағы жігіт пен 89 жастағы әжейдің өмірін сақтап қалу үшін ақхалаттылар бірнеше сағат ота жасаған. Қазір олар аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
«Зардап шеккендердің денесінің әр мүшесі тілім-тілім болып, аяқ-қолы сынған. Операция кезінде біз жараларын емдеп, қанды көп жоғалтқан соң, қосымша қан құйдық. 89 жастағы қария облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал біздің ауруханада жатқан 29 жастағы жігіттің жағдайы ауыр», - деді Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасы хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Виталий ШИЛКИН.
Қайғыдан қан жұтқан отбасының жақындары камераға сұхбат беруден бас тартқанымен, жағдайдың ақ-қарасын ашып берді. Айтуларынша, азғындық жасаған – олардың жиені. Ол Алматыдан ескертусіз келіп, Петропавлдағы дәмханалардың бірінде араққа сылқия тойып алған. Артынша туысқандарына түн ортасында келіп, ақша талап еткен. Ағайын-туыс оның есірткіні жиі қабылдағанын айтады. Енді істің ақ-қарасын полицейлер анықтамақ. Олар қаскөйді бірден құрықтап, абақтыға қамап тастады.
«Полиция қызметкерлері Алматы қаласынан туыстарына қонаққа келген отыз жастағы тұрғынды ұстады. Ұстаған кезде ол алкогольдік масайған күйде болған. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы екінші бөлігі, «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерілудің біріңғай тізіліміне енгізілді», - деді СҚО ПД сыртқы және ішкі коммуникациялар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сән ЖҰМАҒАЗИНА.
Қара жамылған отбасы бүгін 49 жастағы отанасын жер қойнына тапсырды. Бейресми мәліметке сүйенсек, бақилық болған әйел Петропавл қаласы әкімінің бұрыңғы орынбасарының туған қарындасы болып келеді.