13.03.2021, 16:01

158 млн теңге: Түркістан облысында алаяқтық жасаған экс-полицей сотталды

Оның қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым иеленуге өмір бойына тыйым салынды.

Жалпы құны 158 млн теңге болатын екі көлікті алаяқтық жолмен иемденген Түркістан облыстың Полиция департаментінің бұрынғы бөлім бастығы 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бүгін өткен онлайн-брифингі барысында мәлім етілгендей, Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы жеке адамға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің бұрынғы бастығы Р.Дүйсембиевке жалпы сомасы 158 млн теңге болатын «Toyota Camry» және «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөліктерді алаяқтық жолмен иемденіп, сенімге қиянат жасады деген айып тағылған.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының биылғы 10 наурыздағы үкімімен Р.Дүйсембиев кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ оның қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым иеленуге өмір бойына тыйым салынды.

Бұдан бөлек, осы іс бойынша жекенотариус Ж.Абдурахман ҚР ҚК 251-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылды.