Бүгін қазақ халқының ежелден келе жатқан мерекесі - көрісу күні. Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көрісу — адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.
Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.
Бұл күні жасы кішілер қала-ауылдағы ақсақал-әжелерінің үйіне барып, көрісіп, ілтипат білдіреді. Жасы үлкендер кішілерге бата береді.
Сондай-ақ, үлкендер қол алысып, алақандарын айқастырып жатса, әйел адамдар алдымен оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді.
Бұл мереке еліміздің батыс өңірімен қоса Сыр бойында, Қостанай, Торғай аймағында, ресейлік Астрахан, Саратов, Самара, Орынбор облыстарында тұратын қазақтар арасында кеңінен тойланады.
Тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің айтуынша, бұл – өскелең ұрпақты ізет пен мейірімге, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі.