Алматы маңында апатқа ұшыраған әскери ұшақтың «қара жәшігі» табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда ұшақтың қара жәшігіндегі жазу құралында сақталған мәліметтер тексеріліп жатыр.
«ҚР Үкіметі апатты анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерінен сараптамалық комиссия құрды. Қазіргі кезде комиссия мүшелері әуе кемесі құлаған жерде. Борттағы қара жәшіктегі деректерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, оның нәтижелері жақын арада жарияланады», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ марқұмдардың туған-туыстарына медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін комитет госпиталінің мамандары жұмылдырылды.
Апат кезінде қаза тапқан Евгений Васильковтың туыстары арнайы бортпен Петропавлдан Алматыға жеткізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті марқұмдардың отбасына материалдық көмек көрсетіп, жерлеу рәсімін өткізуге жәрдем беріп жатыр.