Қытайдың лагерлерінде жатқан этникалық қазақтардың Қазақстандағы туыстары ет жақындарын жақын уақытта көре алмайтын секілді. Өйткені, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де, қандастарды қолдаумен тікелей айналысатын "Отандастар" қорының мүшелері де "Қытайдың ішкі саяси мәселесіне араласа алмайтындарын" айтты, деп хабарлайды Stan.kz "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Алматыда Қытай консулдығы алдында наразылық акциясы жүріп жатқанына 1 айдан асты. Бірақ, ол жерде шырылдап тұрған азаматтардың мәселесін "Отандастар" қорының вице-президенті "үкімет араласатын дүние" дейді.
"Алматыдағы жағдай әрине өкінішті. Біз білеміз оның барлығын. Ол бойынша біз өз ұсыныстарымызды бердік. Ол енді сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық жолдары арқылы пысықталатын шаруа", - дейді "Отандастар қорының" вице-президенті Мағауия Сарбасов.
Мағауия Сарбасов сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне қандай ұсыныстарды жеткізгенін айта алмаймын деді. Ал, сыртқы істер министрлігінің өкілі "саяси лагерьде отырған этникалық қазақтар Қытайдың азаматы, ішінде сотталғандары бар, бұл мәселе ұзаққа созылады" деді.
Айтуынша, "саяси лагерьде қысым көруге" қатысты Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне 5-6 адам ғана арызданыпты.
"Ұзаққа созылатын мәселе болуы мүмкін. Өйткені кейбір деректер бойынша ол азаматтарда қылмыстық істер қозғалған. Оның ішінде сотталған азаматтар бар. Сотталған азаматтар боулы мүмкін 5-10 жылға дейін. Жазаға кесілген азаматты босатып жібер деп айту қалай болады?", - дейді ҚР СІМ Консулдық қызметтер департаментінің қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы Мұхтар Кәрібай.
"Қарасай ауданында Ауғанстаннан келген 20 қазақ жүр. Әзір 15 жыл болды азаматтығын ала алмай, күні бүгінге шейін 10 рет, 20 рет сот болды. Осы соттан не дейді? Қазақ екеніңізді дәлелдеп келіңіз деп шығарады. Мұндай қағазбастылық өте көп. Мысалы, қолында оралман куәлігі бар талай адам азаматтық ала алмай жүр. Ол үшін виза керек. Бірақ, біздің заң органдары қазақ екенін дәлелдемесе виза қоймайды. Ары-бері сандалып жүргенде оралман куәлігінің уақыты өтіп кетеді. Бұл мемлекеттік органдардың қолдан жасап отырған кедергісі", - дейді "Отандас ел" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Мұқан Мамытхан.