14.03.2021, 23:07

Енді учаскелік полицейлер тұрғындардың WhatsApp-чатында отырады

Фото: bugin. kz
Мұнда маңызды ақпарат жетерлік: кім ішіп келді, кімнің үйінде есірткі сатылып жатыр, қай үйде жезөкше жиналған, пәтерді кім жалға беріп отыр – бәрі-бәрі айтылады.

Қазақстан полицейлері қылмысты анықтау мен табудың оңай жолын тапты. Ол – тұрғын үй иелерінің WhatsApp-чатында отыру. Полицейдің заманауи информаторы жайлы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлады paryz.kz.

Оның сөзіне қарағанда, учаскелік полицейдің барлығына өзіне қарасты аумақтың тұрғындарымен тығыз байланыс ұстауға тапсырма берілген. Атап айтқанда, ПИК ұйымымен келісіп, WhatsApp-чатқа кіру, сол арқылы ақпарат іздеу – полицейлердің міндеті.

"Бұл – жаңа тренд. Полицейлер өзіне қарасты тұрғын үй пәтер иелерінің кооперативінің чатында отыруы тиіс. Мұнда маңызды ақпарат жетерлік: кім ішіп келді, кімнің үйінде есірткі сатылып жатыр, қай үйде жезөкше жиналған, пәтерді кім жалға беріп отыр – бәрі-бәрі айтылады. Сондықтан учаскелік полиция мұның бәрінен хабардар болуы тиіс. Бірақ чат құрушылар полицияны чатқа қосқысы келмейді", - дейді Тұрғымбаев.

Тұрғындардың өзі аумақта болып жатқан жағдайды айтып, полицияға жүгінбесі белгілі. Сондықтан қылмыстың алдын алу үшін полицейлердің чатта болғаны дұрыс екен.

"Соның арқасында біздің жинаған ақпарат 10 есе көбейді", - дейді министр.