15.03.2021, 12:40

Мемлекет басшысы Иманбекті жеңісімен құттықтады

Фото: ашық дереккөз
Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иманбек Зейкеновті (Imanbek) Grammy-де "үздік ремикс" үшін марапатталуымен құттықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Иманбек Зейкеновке аса беделді Grammy музыкалық сыйлығының табыс етілуі жөніндегі жаңалықты зор қуанышпен қабылдады.

Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді.

Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!", - делінген құттықтауда. 

Еске салайық, "Грэмми" басты музыкалық жүлдесінің 63-шарасы онлайн өтті. "Грэммиге" ұсынылған алғашқы қазақстандық атанған Иманбек жеңімпаз болды.