29.07.2016, 13:31

ОҚО кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 21 мыңнан астам адамға кеңес берген

Елбасының кәсіпкерлерге әртүрлі салаларда қызмет көрсететін орталық ашу тапсырмасына орай, 2012 жылы өзге өңірлермен бірге Оңтүстік Қазақстан облысында да «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылып, бүгінде бұл орталық «бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлерге жан-жақты қызмет көрсетіп, нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Қызметтің төрт түрі бойынша көмек көрсететін бұл орталық жыл басынан бері 21 117 азаматқа кеңес берген деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. Әсіресе, биыл - ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жеке кәсібін ашамын деушілерге мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілген.

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 6 айды қорытындылаған кәсіпкерлерге қызметі көрсету орталығының директоры Олжас Тоғаев мәлім етті.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлік мектебінде толық оқу курсын 4 376 адам бітірсе, рұқсаттама құжаттарын рәсімдеу бойынша 2 460 адам қызмет алған. Ал маркетингтік және бизнес жоспарлау бөлімімен 892 жоба жасалып, оның 574-і қолдау тауып, жалпы сомасы 1,6 млрд.теңгеге қаржыландырылған.

«Орталық мемлекеттік қолдау және рұқсат құжаттарын алу рәсімдерін жеңілдету мен жетілдіру бойынша әрдайым ұсынымдар жасап келеді. Осылайша, кәсіпкерлік саласында түрлі өзекті мәселелер өз шешімін жүйелі түрде тауып отыр. Мәселен, әкімшілік кедергілерді жою арқылы құжаттарды алу мерзімі 50% қысқартылды. Оның ішінде газ, суды қосу үшін рұхсат құжаттарды алу бұрын 30 күн болса, бүгінде 5 күнге, ал электр қуатына қосылу 60 күннен 7 күнге қысқартылған. Тағы бір айта кететін жетістігіміз ол жер комиссиясының қорытындысын алу 90 күннен 5 күнге қысқартылып отыр»,-деді орталық директоры.