Шымкентте мектеп оқушылары арасында қырғын төбелес болды Шымкентте мектеп оқушылары төбелесіп, үш бала жарақаттанды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Мукуми атындағы №105 мектептің 9-сынып оқушылары өзінен бір жас кіші үш ұлды үзіліс кезінде мектеп артына шақырып алып сабап тастаған. Жаппай төбелестен зардап шеккен 14 жастағы бір жеткіншек ауруханаға түскен.
Ал түрлі жарақат алған тағы екеуі үйіне шығыпты. Таяқ жеген балалардың ата-анасы «мектеп басшылығы бұл істі жылы жаппақшы» деп наразы.
Төбелес Шымкентке қарасты Сайрам ауылындағы №105 мектепте болған. Үзіліс кезінде оқушылар өзара белтемірге тартылып жарысқан екен. 8-сыныптың үш оқушысының үздік шыққаны 9-сынып оқушыларына ұнамай қалған көрінеді. Намыс қысқан жасөспірімдер өзінен кішілерді жабылып тепкілеген.
"Үш баланы 40 бала қоршап алып ұрған, тепкілеген. Мұрны сынды. Бір баланың басы шайқалған. Мұрны сынған, құлағының артынан соққы алған. Қызарып ісіп кеткен. Жарықшақ бар. Құлағым бітіп қалған сияқты, ішінің бәрі құрылдайды деді", - дейді ата-ана Замира Бөгенбай.
Соққы жеп қан-жоса болған балаларды мұғалімдер мәжіліс залына тығыпты. Тіпті жедел-жәрдем шақыруға тыйым салыпты. Төбелесті кездейсоқ естіген ата-ананың бірі үлкен жанжалмен дәрігер шақырттық дейді. Жәбір көрген оқушылар ата-анасына төбелесте үлкен жігіттердің жүргенін айтқан. Демек мектептегі төбелес алдын ала дайындалған болуы мүмкін дейді.
"Күшің тасып бара жатыр екен ғой, келесі үзілісте күтеміз" деген. Төрт сыныпты шақырып алып, үш балаға жабылған. Менің балам әйтеуір қуыстан кіріп, мұрны сынып жатқан баланың үстіне қорғап жатып алған. Оны да тепкілеген. Ізі қалған. "Сені қайсысы ұрған?" деп сұрасам, "маған соққы тиген жоқ" деп мойындамайды", - дейді ата-ана Жазира Қалтаева.
Ауруханаға түскен екі жеткіншек қазір үйінде. Қуығынан қатты соққы тиген біреуі амбулаториялық ем алуда. Олардың ата-анасы ұлдарын мектепке жібергісі жоқ. Ал мұрны сынған 14 жасар оқушыға бір мәрте ота жасалды. Нұрдәулет әлі ауруханада жатыр.
"Келген кездегі баланың мұрын сүйегі қисайып, ісіп кеткен, қан кетіп жатты. Басы ауырды. Шұғыл диагностикалық тексеру жүргізіліп, мұрын сүйегі хирургиялық жолмен қалпына келтірілді", - дейді Шымкент қаласы клиникалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Ержан Байдуллаев.
Мектеп басшылығы: «Балалықпен жас кезінде кім төбелеспеді» деп жайбарақат отыр. Ұрғандар мен соққыға жығылғандар тіпті достар деген директор, оқушылардың ешқайсысы бұзақы емес деп ақтауға тырысты.
"Барлығы жақсы отбасынан. Өздері дос болған. Бір күн бұрын турникте тартылып, сөз таластырып қалған да. Оны кезекші көрмеген. Себебі, мектептің ауласында емес, мектептің ар жағында, камераның астында, көрінбейтін жерде төбелескен. Бір-біріне келісеміз деген ғой, бірақ далада төбелесіп қалған", - дейді мектеп директоры Бахадыр Мырзахметов.
Таяқ жеген оқушылардың ата-анасы бұзақы балалармен қоса, мектептегі мұғалімдер де толық тексерілсін дейді. Араға адам салып, «арызыңды ал» деп құқай көрсетіп жатқан директор орнынан кетсін деп, білім басқармасына шағым жазыпты. Ал оқушылар арасындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты полиция департаменті әзірге тіс жармай отыр.