17.03.2021, 07:47

«Арселор Миттал» компаниясындағы жарылыстан күйік шалған жұмысшы көз жұмды

фото: sputniknews.kz
Екінші зардап шегушінің жағдайы орташа ауыр екенін хабарлады. Ол қажетті ем алып жатыр.

«Арселор Миттал Теміртау» зауытында бояу құйылған бөшке жарылысынан зардап шеккен 50 жастағы жұмысшы ауруханада көз жұмды. Оқиға салдарынан оның денесінің 90% күйіп қалған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зардап шеккен жұмысшы ауруханаға денесінің 90% термиялық күйік алған күйінде түсті. Медициналық қызмет көрсетудің барлық кешеніне қарамастан науқастың жағдайы нашарлап, 15 наурызда қайтыс болды», - деді Х. Мақажанов атындағы көп салалы аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Манас Әміров.

Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы екінші зардап шегушінің жағдайы орташа ауыр екенін хабарлады. Ол қажетті ем алып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 11 наурызда ЖЭО-2 механикалық цехының шеберханасында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде ЖЖМ буы тұтанып, нәтижесінде газ аппаратурасының слесары мен жөндеушісі күйік алды. Қазіргі уақытта бұл істі арнайы комиссия тергеп жатыр.