Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға ескерту жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Президент шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инвесторлардың еліміздегі бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді.
— Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматының аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық технологиялар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді.