$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте жаңа мектеп бой көтерді

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Шымкенттегі Ынтымақ шағынауданында жаңа мектеп бой көтерді. Осыған дейін тар бөлмелерді қанағат тұтып келген оқушылар су жаңа ғимаратта білім алады. Үш қабатты мектеп қыркүйек айында 1300 шәкіртке құшағын жаймақ. Бой көтерген жаңа нысан 900 оқушыға арналған деп хабарлады жергілікті телеарналардың бірі.

Ғимараттың сынып кабинеттері заманауи жабдықтармен жасақталған. Оқушылар мен ұстаздар білім ордасының салтанатты түрде тапсырылуын асыға күтіп жүр. Шыдамы жетпегендерді мектеп директорының өзі ертіп, жеке-жеке таныстырды.

№54 мектепте 1 300 оқушы бар. Олар бұған дейін 350 орынды, ыңғайластырылған білім ордасында оқып келген. Сабақтары үш ауысымда өтіп, тар бөлмені паналаған. Енді бұл ыңғайсыздықтар артта қалатын күн жақын. Оқушылар үш қабатты зәулім нысанда сапалы білім алып, үлкен көрсеткіштерге жетуді мақсат етеді.

«Жаңа ғимаратқа оқушыларды қабылдауға дайынбыз. Балалардың қуынышында шек жоқ. Мектеп жобасы сызылғаннан бастап басы-қасында болдым. Құрылыстың сапасы өте жоғары деңгейде болды. Мектебіміз көңілімізден шықты, әдемі. Барлық қажетті жабдықтармен жасақталған», - дейді №54 мектеп директоры Ұлған Мәмешова.

Былтыр басталған мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 840 млн теңге бөлінген. Бүгінде жаңа ғимарат толықтай пайдалануға дайын. Жылу мәселесі де оқу жылының басына дейін шешімін табады.

Сонымен қатар, жаңа білім ошағында 56 бейне бақылау құралы орнатылған. Бұл жоба оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына іске асып отыр. Бақылау пультін мектеп күзеті қадағалайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары