25.03.2021, 18:20

Алматыда есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыптылар сотталды

Фото: ашық дереккөз
Есірткі құралдарына, психотроптық заттарға және олардың аналогтарына жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, сотталушылардың тұрғылықты жерінен тінту кезінде алынған психотроптық зат-пирролидиновалерофенон екені анықталды.

Алматыда синтетикалық есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыптылар сотталды. Оларға ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлады Polisia.kz.

"Сотқа дейінгі тергеу кезінде ерлі-зайыптылардың психотроптық заттарды заңсыз сатқаны анықталды. Қылмыстық әрекеттері бірқатар жедел және арнайы шаралар кезінде расталды. Олардың тұрғылықты жерінен ұнтақ заты бар қағаздар мен полиэтилен пакеттері, сондай-ақ есірткіні кейіннен сату үшін орауға арналған құралдар табылды және тәркіленді", - деді Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасы бөлімінің бастығы Әділ Салаев.

Есірткі құралдарына, психотроптық заттарға және олардың аналогтарына жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, сотталушылардың тұрғылықты жерінен тінту кезінде алынған психотроптық зат-пирролидиновалерофенон екені анықталды.

"Қылмыстық істің материалдарынан күдіктілер өздерінің қылмыстық әрекеттерін үйде жасағаны, олардың кәмелетке толмаған екі баласы бар екені анықталды. Балалар өздеріне қатысы жоқ жағдайларға байланысты ата-аналарының заңсыз әрекеттерін көруге мәжбүр болды, бұл олардың психикасының қалыптасуына кері әсер етті. Қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Сот үкімімен ерлі-зайыптылар кінәлі деп танылып, әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды", - деп түйіндеді сөзін Әділ Салаев.