Алматының «қызыл» аймақтан шықпай аурудың көбеюіне бірден-бір себеп – карантин талаптарының мүлдем сақталмауы. Бұған мониторингтің топпен қаланың көңіл көтеру орындарын аралаған тілшілеріміз көз жеткізді. Карантинге қарамай сауық құрғандар арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Әнші бірер күн бұрын ғана осындай әрекеті үшін Семейден айыппұл арқалап қайтқан, деп хабарлайды КТК арнасы.
Саксофон әуені тәртіп сақшылары сау етіп кіріп келгенде сап тыйылды. Жарығын сөндіріп, есігін сыртынан тарс жауып алған мейрамхананың іші нағыз сауық-сайранның ордасы екен. Келген қонақтардың алды тәтті ұйқыға батқан. Қор-қордан тартып, түрлі тағамдарға тапсырыс берген қыз-жігіттер тексерушілерді көрген бойда бетін тұмшалап, жапа-тармағай есікке қарай ұмтылды. Дәм татып отырған дастарханын тастай қашқандардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Қайрат Нұртас әнші ғана емес, нағыз желаяқ екен. Қонақтардың ішінен ең бірінші боп сытылып шықты. Ал қарулы жасақпен қаратер болып қарсыласқандардың бірі ақыры «Алматы» телеарнасының камерасын сындырып тынды.
Тәртіп сақшыларынан қашып құтыла алмасын білген Қайрат Нұртас перденің ар жағына тығылып қалды. Бірақ текетірес мұнымен аяқталған жоқ. Карантин талабын бұзған мейрамхана қожайыны полицияны жағадан алды. Айқайдың соңы қып-қызыл текетіреске ұласты. Карантин ережесін пысқырмаған топ полицияға да бағынбай, есікті бұзып шықпақ болды. Қайрат Нұртас бастаған топты 40 тексеруші әрең дегенде ұстап қалды. Мейрамхана ішінен әрқайсысын біртіндеп шығарып бөлімшеге алып кетті.
Әнші бірер күн бұрын ғана Семейде ұсталып, айыппұл арқалап қайтқан болатын. Бірақ танымал әншіге ол сабақ болмаған сияқты. Онда эстрада жұлдызы Халыққа қызмет көрсету арнайы орталығының басшысымен бірлесіп карантин бұзған. Атап айтқанда, шенеунік ұлына тұсаукесер жасап, әнші қонақтардың көңілін көтерген.
Өткен түнде дәл осындай 4 мейрамхана мен 1 ойын клубы анықталды. Ішінде 200-дей адам жиналған. Бәріне 87 мың теңгеден айыппұл салынды. Ал мейрамхана қожайындары 670 мың теңгеден арқалады. Ал төрт күнде 300-ге жуық мейрамхана мен түнгі клуб карантин талабын бұзған. 818 адамға айыппұл салынды. Соған қарамастан түнгі сауық-сайран тыйылмай тұр.