Кейінгі кезде Қазақстанда интернет алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың арыз-шағымы жиілеуіне байланысты Қазақстанның полицейлері қызу жұмыс істеп жатыр. Олар алаяқтарды анықтау үшін бірнеше айға созылатын іс-шара өткізіп, бірнеше ұйымдасқан топты құрықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төрт қылмыстық топты құрықтады
Қарағанды облысының полиция департаменті интернет-алаяқтыққа қатысты жиын өткізіп, 2021 жылы облыстта интернет-алаяқтардың төрт тұрақты тобының ұсталғанын хабарлады. Сонымен қатар азаматтарға алаяқтың арбауына түсіп қалмау жолдарын түсіндірді.
"2021 жылдың тек екі айында ғана Қарағанды облысының 516 азаматы интернет-алаяқтыққа қатысты өтініш білдірді. Қазіргі уақытта жедел және тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша интернет-алаяқтардың төрт тұрақты тобы ұсталды. 17 алаяқ қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, оларға интернеттегі алаяқтықтың 200-ден астам жағдайы бойынша айып тағылды", - деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әділ Әбілдин брифинг кезінде.
Бұл өңірде осы бағытта атқарылып жатқан істің бір парасы ғана. Өңідегі полицейлер алаяқтықтықтың алдын алу бойынша да қарқынды жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарымен қатар интернет-алаяқтықтың танымал тәсілдері туралы хабардар етуде.
Көпшілікке белгілі, Қарағанды – облыс орталығы. Мұнда бір тәулікте құқық бұзушылықтың осы түрінің 7-ден 12-ге дейінгі фактісін тіркей алады. Алайда қылмыстың салдарымен күреске бағытталған осындай жағдайлардан құтылудың профилактикасына бағытталған бірқатар іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Полиция ең алдымен азаматтарға ескету жұмыстарын жүргізеді. Оны бұқаралық ақпарат құралы арқылы жүзеге асырады. Интернет-алаяқтардың іс-әрекетіне мысал келтіріп, бейнероликтер түсіреді. Полицияның хабарлауынша, алаяқтар жұмыс істейтін алты бағыт бар.
Біріншісі – алдын ала төлем жасау немесе интернеттегі тауар үшін толық төлем алуға үгіттеу; Екіншісі – азаматтарға микронесие беретін ұйымдардың сайты арқылы онлайн несие рәсімдеу; үшіншісі – банк қызметкері болып хабарласып, тұрғындарды алдау; Сондай-ақ жиһаз, пластик терезелер дайындау, пәтерлерді жалға беру үшін алдын ала төлем немесе толық төлем алу; түрлі жобаға ақша салуға үгіттеу; картаның дербес деректерін білу арқылы ақша ұрлау.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, азаматтар ешкімге дербес деректерді, төлем карталарының немесе шоттардың деректерін ұсынбауға тиіс. Бұл деректерді олардан сұрауға немесе талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. Мұны банк қызметкерлері де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де сұрамайды. Полиция азамат алаяқтың арбауына түсіп қалған жағдайда қандай әрекет жасау керек екенін де түсіндірді. Мұндай жағдайда азамат дереу банктің жедел желісіне қоңырау шалып, шотта қандай да бір берешектің бар-жоғын анықтауы қажет. Сонымен қатар қандай да бір заңсыз операцияның жүргізіліп жатқанын білу керек. Содан кейін 102 нөміріне қоңырау шалып, болған жағдай туралы хабарлауға тиіс.
Банк қызметкері ешқашан өз пайдаланушысына қоңырау шалмайды және несие алу, жеке деректерді айту секілді сауалдар қоймайды, заңсыз операциялар туралы сөйлеспейді. Дәл осындай кеңесті Алматы қаласының полициясы ұсынды. Олар жақында бірнеше айға созылған интернет алаяқты ұстау операциясын аяқтады.
Полиция жарты жыл бойы мұқият бақылады
Алматы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері бірнеше жыл бойы жүздеген қазақстандықты алдап, ірі көлемде ақша табуға қол жеткізген ірі интернет-алаяқты әшкерелеу бойынша көп айлық операцияны аяқтады.
Жедел уәкілдерің айтуынша, Алматыда кейінгі кезде интернет алаяқтың құрбаны болғандар көбейген. Тіпті аптасына жүзге жуық адам полицияға арыз жазады. Ал қылмыстық топтың бір мүшесін ұстау үшін полиция барлық мәлімдеме бойынша мұқият жұмыс істеп, 2020 жылдың қыркүйек айының соңында жедел уәкілдер күдіктілердің бірінің ізіне түсті.
Оның жұмыс істеу тәсілін анықтау үшін полицияға бірнеше ай қажет болған. Осылайша, төртінші наурызда қылмыскер құрықталды. Ұсталған кезде ғана қалтасынан қолма қол екі миллион үш жүз мың теңге ақша тәркіленді.
Алматы полициясы күдіктінің жұмыс схемасын да жариялады. Мысалы, азаматвелосипед сату үшін OLX сайтына хабарлама жібереді. Аздан кейін WhatsApp нөміріңізге бұрын бейтаныс адам жазып, тауарды сатып алатынын айтады. Алайда өзінің басқа қала тұрғыны екенін алға тартып, келе алмайтынын жеткізеді. Оның орнына OLX жеткізу қызметінің бар екендігі туралы айтып, сол қызметті ұсынады. Алайда бұл сайт ондай қызметті ұсынбайды. Ал оны білмейтін азаматтар қажетті мәліметтерді көрсететін нысанды толтыру үшін сілтеме жібереді. Содан кейін төлем түсетінін айтады.
Сілтемені басу арқылы адам фишинг деп аталатын сайтқа түседі. Сонымен қатар, оның дизайны өнімді сату туралы хабарландыру орналастырылған сайттың дизайнына сәйкес келеді: айырмашылықтарды оны мұқият зерделеу арқылы ғана байқауға болады.
Сондықтан жәбірленушілер өз деректемелерін ойланбастан енгізді: карта нөмірі, оның жарамдылық мерзімі және CVV коды. Осы сәттен бастап шабуылдаушы банк карталарына шексіз қол жеткізеді. Содан кейін алаяқ шот бойынша кез келген операцияны жүзеге асыра алады.
Полицейдің айтуынша, күдікті ұсталғаннан кейін біраз уақыт полицияға арызданғандар азайды. Себебі дәл сол уақытта Қостанайда да құқық қорғаушылар табысты операцияны аяқтаған еді. Алайда бұл тыныштық ұзаққа созылуы үшін азаматтар интернет арқылы сауда жасаған кезде жеке деректерді көрсетпеуге, карта нөмірін еш жерге енгізбеуі қажет. Полицияның сөзінше, осы секілді ең қарапайым сақтық шаралары интернет алаяқ құрбаны болудан сақтайды.
Instagram арқылы сан соқты
Интернет алаяқтықтықтың тағы бір жолы – әлеуметтік желі арқылы сауда жасау. Жуырда Петропавл қаласының полиция басқармасына тұрғындардан интернет-алаяқтық фактілері туралы бірқатар арыз түскен. Барлық жағдайларда жәбірленушілер өздерін интернет-дүкен ретінде көрсеткен Instagram парақшасында алаяқтың құрбаны болғанын хабарлады. Парақша иесі әйелдерге арналған киімдерді сатылымға шығарған. Алдын ала төлем жасауды талап етіп, содан кейін байланысқа шықпаған.
Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Бұл жолы әйелдер қауымы алаяқтық құрбаны болған. Полиция ақпаратына сәйкес, 300 мың теңгеге дейін төлем жасалған. Жедел іздестіру барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады.
Полиция кеңесі
Полицияның айтуынша, кей азамат 10-20 мың теңгеге алданғанына бола полицияға арыз жазудан бас тартады. Әрі қарай сотқа барып, арыз жазғысы келмейді. Мұндай жағдайда полиция азаматтарға мұның азаматтық борыш екенін, оның шығын көлеміне аса қатты байланысты емес екенін түсіндіреді. Себебі шығын келген адамдардың арызы неғұрлым көп болса, қылмыскерлер тағылатын жаза да соғұрлым артады.