Ақмола облысы Целиноград ауданында киіктер қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша, олар аштан өлген.
Табиғатты қорғаушылар, Ақмол ауылынан 8-9 шақырым жерде 20 киіктің өлексесін тапқан. Олардың 12-сі теке, 8-і аналық киіктер.
«Тексеріс барысында киіктердің қалың қар мен күрделі ауа райының салдарынан шөп теуіп жей алмай аштан қырылғаны анықталды. Жануарлардың өлекселері арнайы мал қорымында залалсыздандырылды», - дейді сала мамандары.
Басқа аудандарға киік жүретін жерлердің қарын күреу тапсырылған. Наурыз айының басында Қорғалжын ауданында да 14 киік өлі күйінде табылыпты. Қазір аймақта сырттан азық таба алмаған дала жануарларының елді мекендерге кіруі жиілеп кеткен.