Біздегі камералар халықтың қалтасын қағу үшін тұр ма, әлде адамдарды ертерек іздеп табу үшін бе? Бөлшектелген Аяжанның оқиғасын қаншама күн өткен соң, әрең қорыттым. Жас қыз тырнақ пен тістерін жұлып жатқанда тірі болды ма екен, жаны шығып кеткен бе екен деген ойда біраз жүрдім, деп жазады Facebook-тегі парақшасында заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек.
Бұл туралы Skifnews.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Бүгін тағы Қызылорда облысында үш қыз бір белгісіз азаматқа еріп жоғалып кеткен деген ақпаратты оқып, көктем келді қыздарды абай болуға шақырғым келді. Көктемде көптеген жүйке аурулары бар адамдардың жүйкесі қозатын уақыт. Біздің полицияға сенуге болмайды, өздеріңізге сақ болыңыздар!
Біздің Полицияға үлкен реформа керек!
Полиция Дубайдан үлгі алып, Германиямен тәжірбие алмасып жатыр дегендері қайда? Адам жоғалды деп шағым айтып келген адамның арызын тіркемесе, дер кезінде іздеу салмаса "қаншама миллиондаған қаржыға техникалар мен камералар алып жатырмыз", деп не үшін мақтанады? Жергілікті полиция не үшін құрылды ? Дер кезінде халықтың шағымын тіркеп, ертерек дабыл қағып іздеу салмаса? Камералар не үшін тек үлкен көшелерге қойылады? Тек көліктердің жылдамдығын түсіріп, халықтың қалтасын қағу үшін бе? Халық көп шоғырланатын жерге, үйлердің арасына неге қойылмайды?
Ұрлық болып, көлік қағып кетіп бейне бақылау сұрасаң, үнемі істемей тұрады. Сонда миллиондаған қаржыға алынған техникалар халыққа қызмет етпесе, не үшін алынады?
Аяжан да аман қалар ма еді, арыз тіркеліп, камералар арқылы шұғыл жылдам іздеу салынғанда!
Бүгінгі Қызылорда облысындағы үш қызды да камералар арқылы ақ тауып алуға болар еді, егер технологиялық цифрлық дамыған ел болсақ, әттең әлі хабар күтіп отырмыз.
Біз қашан қылмысты алдын -ала алып отыратын дамыған ел боламыз Ерлан Тұрғымбаев мырза?
Конституциямызда – Адам ең басты құнды қазынамыз! Елдің қазынасын сақтай алмай отырған, қауіпсіздігін қорғай алмай отырған полиция бізге керек пе, дейді ол.