02.04.2021, 17:00

Білім басқармалары балаларға берілген ноутбук пен планшеттің ақшасын жымқырған

Фото: Ашық дереккөзі
Елімізде бес аймағында білім басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Еліміздің 5 өңірінде білім басқармасындағы лауазымды тұлғаларға қатысты 6 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оларға 2020 жылы компьютер, планшет және ноутбук алуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылуда. Аталған соталды тергеу ішкі мемлекеттік аудит актілерінің негізінде тіркелді. Сот алды тергеу жұмыстары жалғасуда. Келтірілген шығын көлемін анықтау мақсатында тиісті сараптама тағайындалады», - деді Данияр Бекайдаров агенттікте онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі тергеушісінің мәлімдеуінше, компьютер, планшет және ноутбуктер Үкімет қоры есебінен аз қамтылған отбасы балаларын қашықтан оқыту кезінде техникалық қажеттілікпен қамтамасыз ету мақсатында сатып алынған.