Петропавл қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының лауазымды тұлғасы мемлекеттік бағдарлама аясында жастарға тегін берілуі тиіс баспаналарға пара алу арқылы орналастырып отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Петропавл қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының лауазымды тұлғасы жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді.
Ол орталықтың балансындағы жалға берілетін коммуналдық үйден баспананы пара бергендерге оңды-солды таратқан. Коммуналдық жалға берілетін пәтерлер 29 жасқа дейінгі баспанаға мұқтаж жастарға 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында берілуі керек.
Олар мұнда 5 жылға дейін тегін тұрып, өз баспаналарына қаражат жинай алады. Лауазымды тұлға өзіне жүктелген мемлекеттік бағдарламаны орындау және іске асыру міндетін пайдаланған. Сенімді адамдары арқылы тұрғын үйге мұқтаж жандарды іздестіріп, солар арқылы пәтер бергені үшін ақша алып отырған.
Пара сомасы тұрғын үйдің шаршысына байланысты 550 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өзгеріп отырған. Лауазымды тұлға мен оның сыбайластарына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Істің мән-жайы тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.