Түркістан облысында жол апатынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайтыс болғандар – бір отбасының мүшесі.
Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, оқиға 3 сәуір кешкі сағат 20:30 шамасында Самара – Шымкент тас жолы бойында болған. Шымкент тұрғыны "Tayota Camry 50" маркалы көлігімен Түркістаннан Шымкентке қарай келе жатқанда жолдың сол жақ бетінен шыққан жылқыны қағып кеткен.
"Жол апаты салдарынан ерлі-зайыптылар мен бір жасөспірім, яғни олардың немересі қайтыс болды. Ал көліктің жүргізушісі түрлі жарақатпен Шымкент қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Ол қаза болған ерлі-зайыптының күйеу баласы", – деп хабарлады полиция.
Аталған жайтты Ордабасы аудандық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тіркеуге алды.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.