Көрші республикадан жасөспірім қашқын-ғашықтар табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 наурызда полицияға облыс орталығының 45 жастағы тұрғыны 17 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы хабарласқан, ол наурыздың 22-нен 23-не қараған түні үйінен белгісіз бағытта шығып, қайтып оралмаған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу барысында кәмелетке толмаған баланың телефон нөмірінен кетіп бара жатқанда, ол үйден өз еркімен кетуге шешім қабылдағаны және қайтып оралмайтыны туралы хабарлама келгені анықталды.
Сол күні туыстары жасөспірімді іздей бастаған. Өз бетінше іздеу нәтиже бермеген соң ата-анасы полицияға жүгінді.
Кейінірек жігіттің кетуінің себебі – оның ата-анасы сөйлесуге тыйым салған 16 жастағы дос қызына байланысты отбасылық жанжал болған.
Белгілі болғандай, жасөспірім өзі ғана емес, сүйіктісімен бірге кеткен. Кәмелетке толмағандарды іздеуге Жамбыл облысының қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды.
"14 күн бойы іздеуде болған жасөспірімдерді Қырғызстанның милиция қызметкерлері тапты. Олардың жағдайы жақсы, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Өздерін тез тауып алмас үшін барлығының алдын алған. Іздеу жұмыстарын қиындату үшін сыртқы келбетін өзгерткен яғни шаштарын қара түске бояп тастаған. Олар металл жинап өткізуден алған ақшаға өмір сүрген. Қабылдау пунткіне өткізу барысында көрші республикадағы әріптестер ұстады. Оларды алып келу үшін жасөспірімдердің заңды өкілдері Қырғызстанға кетті. Тергеу жүріп жатыр", - дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінен.
Сонымен қатар, іздеу шараларына еріктілер тартылды.