WhatsApp-мессенджерінде мамырда барлық зейнеткерлер зейнетақысына 40 мың теңге үстемақы қосып алатыны туралы хабарлама таралды.
Хабарламада Президент тиісті Жарлыққа қол қойғаны айтылған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде мамырдан бастап зейнетақыларға 40 мың теңге мөлшерінде үстемеақы төленетіні туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамада зейнетақыларға үстемеақы мен қосымша ақы төлеу қарастырылмаған. Қазіргі уақытта зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы зейнетақы», – деп түсіндірді ведомство өкілі.
Бүгінде зейнеткерлік жасқа толған қазақстандықтардың мынадай төлемдерге құқығы бар:
зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) зейнетақы жасына жеткен барлық адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 100 пайызына дейінгі мөлшерде берілетін базалық зейнетақы төлемі);
1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде ынтымақты зейнетақы (мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы алдындағы кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты); қалыптастырылған зейнетақы жинақтары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері (олар таусылғанға дейін).
Министрлік халықты жалған хабарламаларға назар аудармауға және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге шақырады.
Сондай-ақ, ведомство жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланатынын еске салды.