Қазір параны биткоинмен береді. Кабинетке флешка алып кіреді, оның ішінде не бар екенін ешкім білмейді ғой, - дейді саясаттанушы Санжар Боқаев, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы ол "Уақыт көрсетеді" атты Нұрсейіт Жылқышыбайдың Youtube-арнасына берген сұқбатында айтты.
"Болашақпен" оқып, шетел көріп келген жастар Қазақстанды өзгертеді ме десек, жоқ, керісінше. Олардың да ойы алдыңғы буын секілді, қалай байысам, қалай қазынадан ақша тапсам деген. Сөйтіп осы былық жүйеге қазіргі заманауи құйтырқы тәсілдерді қолданып, аға-көкелерімізден де асып түсіп жатыр. яғни, алған білімі елді дамытуға емес, сол былық жүйені одан сайын жаңғырута. Мысалы, өткенде біреу айтады: "Сәке, қазір ешкім ақшамен пара бермейді", - дейді. "Сонда қалай" десем, "қазіргі пара - биткоин", - дейді. Көрдіңіз бе?.., - деді ол өз сұқбатында.
Оның айтуынша, флешка алып жүруге заңда еш тыйым салынбаған.
"Оны ешкім тексермейді, ондай заң жоқ, тіпті тексерді дегенде де оның ішіндегі жыпырлаған цифрды ешкім түсінбейді, кодын білмейді. Ал биткоинның бағасын білесіз... Сонда олардың алған білімі жемқорлықты жаңа әдіспен дамыту болып тұр ғой", - деді саясаттанушы.
Тілші одан биткоинды қалай ақшаға айналдырып алуға болады деп те сұрады.
"Оның өз бағдарламасы, ақшаға айналдыратын адамдары бар. Биткоин, бір сөзбен айтқанда, казино фишкасы секілді", деп түсіндірді ол.
Сұқбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан тамашалай аласыздар.