Екатеринбург-Алматы тас жолының Балқаш қаласынан Қарағанды бағытындағы 45 шақырымдық жолда таңғы сағат 6-40-та Volvo жүк көлігі мен облыстық патрульдік полиция батальонының инспекторы мінген Kia rio көлігі соқтығысып, жол апаты орын алды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қарағанды облыстық ПД-ның хабарлауынша, сол күні кезекшілікте болған облыстық патрульдік батальон инспекторы - 46 жастағы Хайдар Оразбаев оқиға орнында көз жұмды, ал арнайы көліктің 33 жастағы жүргізушісі алған жарақаттарына байланысты ауруханаға жеткізілді.
Қарағанды облысының ішкі істер органдарының басшылығы мен жеке құрамы қайтыс болған қызметкердің отбасы мен туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Полиция аға лейтенанты Хайдар Оразбаев ішкі істер органдарында 1995 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Үйленген. Төрт баласы бар.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүріп жатыр.