16.04.2021, 11:40

Тоқаевтың сынынан кейін «ҚазАвтоЖолдың» басшысы қызметінен кетті

Фото: ашық дереккөзі
Президент алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайды.

Ұлан Әліпов жұмысын дұрыс атқармағаны үшін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарттық порталы.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Жұмысын дұрыс атқармағаны үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ұ.Әліпов қызметінен босатылды. Барлық өңірде бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік магистральдарының салынуына және жөнделуіне бақылау күшейтіледі. Президент алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайды", - деп жазды баспасөз хатшы Facebook-те.

Ұлан Әліпов "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясын 2019 жылдың ақпанынан бастап алдымен компания басшысының міндетін атқарушы, содан кейін басқарма төрағасы ретінде басқарды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын сынға алған еді.

"Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым", - деп жазған болатын Тоқаев Тwitter-парақшасында.