Өртену, су басу, жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайлар ешкімге айтып немесе ескертіп келмейтіні рас. Одан бөлек, адам және қоршаған факторлардың әсерінен болатын кісі құқығын таптау, ұрлық, зорлық, жол-көлік апаты т.б. оқыс оқиғалар күнделікті өмірде орын алып жатады. Сондай сәттерде құтқарушылардан бөлек, полицей қызметкерлері де дереу көмекке келеді. Солайша өз қызметін артығымен орындап, адам жанының арашасы боп жүретін полицей қызметкерлерінің еңбегін айтпай кетуге болмайды. Олар жасаған игі істердің барлығын санамалап шығу мүмкін емес, әрине. Дегенмен Skifnews.kz ақпараттық порталы жақын күндері болған оқиғаларды тізбелеп шыққан еді.
Өрт сөндірушілерді күтпестен құтқаруды бастап кеткен
Атырау полицейлері көп қабатты үйден шыққан өртті ауыздықтаған болатын. Он бірінші сәуір күні таңғы төрттер шамасында аудандық полиция бөлімшесіне көп қабатты үйлердің бірінен өрт шыққалы жатқаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Жәнібек Төлепов, Азамат Шахаев, Марат Аңсат және Ақжол Тойғұловтар дереу аттанады.
Олар келген уақытта үйді қою түтін алып кеткендіктен, полиция өкілдері өрт сөндіру қызметін күтпестен, тұрғындарды құтқару жұмыстарына кірісіп кетеді.
Үй төбесінің астындағы сымдардағы қысқа тұйықталудың әсерінен пәтерлердің бірінде түтін пайда бола бастаған. Төбенің өзі ысып, ауаны жануға бейім заттарға толтырады. Аз ғана соққан желдің өзі үлкен аумақты қамтитын өртке ұластыру қаупі туындаған.
Түтін ішінде дем алу мүмкін болмағандықтан төрт полицей кезекпе-кезек сыртқа жүгіріп шығып, ауа жұтып, қайта подъезге кіреді. Олар үй ішінде тұрғындардың бірі қалып қоймағанына көз жеткізу үшін пәтерлерге бірнеше рет кіріп, қарап шығады.
Нәтижесінде төрт, бес, алты жасар балалармен бірге жаңа туған сәбиді қолдарына көтеріп шығып, қарт кісілерді сыртқа шығуына жәрдемдеседі. Дәрігерлер құтқарылған тұрғындардың барлығын тексереді. Бірақ ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған. Өрт сөндіру өкілдері де өрт ошағын ауыздықтап үлгіреді.
Оқиға туралы полицей қызметкері Жәнібек Төлепов: - Үрейге бой алдырған тұрғындар балконға шығып айқайлап, көмектесуімізді өтінді. Солайша балалар мен қарт кісілерді сыртқа алып шықтық. Олардың ішіндегі ең кішкентайы туғанына әлі 40 күн толмаған сәби болатын, - деді.
Полицей қызметкерлерінің өте жедел жасаған әрекеттерінің арқасында үлкен трагедияның алды алынды. Дәл осы Құлсарыда болған оқиғаның мән-жайы жайлы Polisia.kz бағдарламасында толығымен баяндалды.
Тұрғынды қабаған иттен құтқарды
Сегізінші сәуір күні түс уақытында Үржар ауданы, Үржар ауылының егде жастағы тұрғыны үйдің маңындағы азық-түлік дүкеніне қарай бет алады.
Тұрғынның сөзінше, ол дүкенге бара жатқанда артынан иттің үрген дауысы естіледі. Көшедегі иттердің қалыпты әдеті ғой деп оған аса қатты мән бермейді. Кенеттен артынан келе жатқан қаңғыбас иттердің бірі оған еш себепсіз шабуыл жасайды. Қатты үріп, үстіне секіріп мінеді. Қарт кісі иттердің біреуін итеріп жіберіп, оған тас лақтырады. Алайда қаңғыбас иттердің тобы одан қашпай, қайта шабуылдауға көшеді.
Сол сәтте Үржар ауылында маршруттік патрульде болған полицей қызметкерлері тұрғынның жайсыз жағдайға тап болғанын байқап қалады. Көшеде үйсіз жүрген қаңғыбас иттерден егде жастағы кісіні құтқармақ болған олар дереу әрекетке көшеді. Патрульдік көліктерінен сигнал беріп, иттерді қорқытып, қуып жібереді.
Қорқынышты жайттың алдын алып, дәл уақытта жанынан табылған полицей қызметкерлеріне қарт кісі алғысын білдіреді.
Дер кезінде көмек қолын созды
Сәуір айының он үшінен он төртіне қараған түні қалалық полиция учаскесінің «102» нөміріне бір азаматшадан шұғыл қоңырау келіп түседі. Әйел адамның айтуынша оның жеті жасар қызы кенеттен пәтерде қамалып қалған. Ол азық-түлік алуға кеткен, ал келген кезде пәтерінің есігін мүлде аша алмай қойған. Және әйел адам кетерінің алдында кешкі ас дайындалып жатқан газ плитасын қосулы қалдырған боп шығады.
«Мен есікті өзім аша алмайтынымды сезген соң дереу төтенше жағдайлар қызметіне жүгіндім. Ал олар болса түнгі уақыт болғандықтан, оларда балконнан кіруге арналған қосымша құрылғыларды қолдану мүмкін еместігін айтты. Біздің пәтеріміздің есігін бұзу әсте мүмкін емес. Қуанышыма орай маған полиция қызметкері көмектесті. Ол төртінші қабаттың балконынан біздің үшінші қабаттың балконына түсіп, есікті ашып, бізді жайсыз жағдайдан құтқарып қалды. Мен тіпті ол полицей қызметкері болмағанда, не істейтінімді білмеймін. Сондықтан мен аға лейтенант, Атырау қалалық полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмағандар ісі бойынша бөлімше инспекторы Әлібек Қайырғалиевке жедел қызметі мен жауапкершілігі үшін отбасымыздың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз» - деді құтқарылған қыздың анасы ағынан жарылып.
Кейін белгілі болғандай түнгі уақытта дереу келіп жеткен полицей қызметкері төртінші қабатқа шыққан. Сонан соң беліне құтқарушы белгідін тағып, ұшінші қабатқа қарай түскен. Ал белдіктің басын ұстап тұруға жергілікті тұрғындар да көмектескен. Жас полицей қызметкерінің жедел шешім қабылдап, дер кезінде көмек көрсете алғаны үй ішінде қамалып қалған қыз бала мен анасын ғана қуантып қана қоймай, оқиғаның куәгері болған жергілікті тұрғындарды да тәнті етті.