Балқаш қаласының авиациялық оқу орталығында СУ-30 СМ көпфункционалды жойғыш ұшағы апатқа ұшырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 2021 жылғы 16 сәуірде сағат 20:45 шамасында оқу-жаттығу ұшуларын жүргізу кезінде Балқаш қаласының оқу авиациялық орталығына қону сәтінде СУ-30 СМ көпфункционалды жойғыш апатқа ұшырағанын хабарлады.
"Ұшақ экипажы катапульталанды. Ұшқыштар тірі және медицина қызметкерлерінің бақылауында. Қазіргі уақытта болған оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы тергеу комиссиясы ұшақ құлаған жерге жіберілді", - деді департамент.
Бортта екі экипаж мүшесі болғаны, олар аман екені айтылады. Ұшқыштардың денсаулық жағдайы тұрақты деп бағаланды.
2017 жылы желтоқсанда заманауи жаңа Су-30 СМ жойғыш ұшақтары Қазақстан мен Ресейдің әскери-техникалық ынтымақтастығы аясында елге жеткізілген болатын.