$ 449.3  489.69  4.89

Жер комиссиясының IV отырысында қандай шешімдер қабылданды

Комиссия отырсында мүшелердің көпшілігі дауыс берді, қарсы ешкім болмады және төрт адам қалыс қалды.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жер реформасы жөніндегі комиссияның төртінші отырысын қорытындылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.

Ералы Тоғжанов екі жұмыс тобы енгізген ұсыныстар бойынша нақты шешім қабылдауды сұрады және дауысқа салды.

«Біріншіден, қазақстандықтарға жалға беруді жаңа мерзімге ұзартуға басымдық құқығымен ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін ұзақмерзімді жалға алу мүмкіндігін беру бойынша тиісті заң нормаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылсын.

Екінші, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару мүмкіндігін беру бойынша нормаларын сақтап, тиісті заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылсын.

Үшіншіден, ҚР Үкіметіне елді мекендер айналасында жайылымдар тапшылығы мәселелері бойынша талдау жүргізіп, олардың жетіспеушілігі проблемаларын шешу ұсынылсын.

Төртіншіден, Жер кодексінің 50-бабының 4-тармағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгілеу нормаларын қарастыруға байланысты латифундистерді болдырмау туралы ұсыныс. Бұл мәселенің заңнамада шешімі бар болғандықтан комиссия қарауынан алып тастауға ұсыныс енгізілді.

Бесінші, мемлекеттік органдардың шешімі бойынша, әкімшілік шекаралар өзгерген жағдайда жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін сәйкестендіру құжаттарын қайта дайындау үшін бюджет қаражатын көздейтін норманы заңнамалық түрде бекіту ұсынылсын.

Алтыншы, ауыл шаруашылығы жерлерін субарендаға беру қолданыстағы заңнамада қарастырылмағанына байланысты, бұл сұрақ комиссияның күн тәртібінен алынсын.

Бір апта шеңберінде жұмыс топтарында осы мәселелер талқыланды, оған бәріңіз атсалыстыңыздар. Соған байланысты сіздердің келісімдеріңіз бойынша бүгін осы мәселелер комиссия отырысына шығарылды. Сондықтан, дауыс беруге бәріңізді шақырамын», - деді Е. Тоғжанов.

Комиссия отырсында мүшелердің көпшілігі дауыс берді, қарсы ешкім болмады және төрт адам қалыс қалды.

«Шешім қабылданды. Алдымен бәріңізге рахмет айтқым келіп отыр. Ашығын айтқанда, бүгін үлкен маңызды шешім қабылданды. Бүгінгі қабылданған шешім жерді экономикалық айналымға енгізуге толықтай мүмкіндік беріп отыр деп ойлаймын. Соны қолдаған, түсінген азаматтар дауыс беріп қолдап отыр. Сондықтан, елге, халыққа керек шешіммен құттықтауға рұқсат етіңіздер», - деп қорытындылады Ералы Тоғжанов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары