Әлеуметтік желіде "Намазсыз ораза қаза болады" деген рас па? деген сұрақ төңірегінде біраз пікірталас болды. Бұл сұраққа белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы маман ретінде жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Желіде мындай діни сұрақ қойылып, астында пікір талас орын алған екен. Маман ретінде жауап беруді жөн көрдім. Дінімізде иман мен амал екі бөлек қарастырылады. Құлшылық әр мұсылманға парыз. Бірақ құлшылығы кем адам орындамаған парызы үшін сұралса да, мұсылмандықтан, діннен шықпайды. Ешкімнің оған “кәпірсің, мұнафиқсың”,- деп айтуға қақысы жоқ. “Намаз оқымаған адамның оразасы қабыл болмайды”-, деп айту да қате, тіпті үлкен күнә. Алланың атынан дәлелсіз сөйлеуге болмайды. Құлшылықты қабыл алып-алмау ісі Жаратқанның құзіретіндегі дүние. Оған біздің араласуға қақымыз жоқ. Екіншіден, талай адам алғашқыда намаз оқымаса да, оразасын ұстап, неше жылдан кейін болса да мұсылмандықтың қалған парыздарын түгендеп жатады. Шама-шарқына қарай Құдайға жақындайын деп тұрған адамды шошытып, діннен бездіруге ешкімнің қақысы жоқ. “Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте” деген қазақ мақалы жоғарыдағы сауалдың пәтуасы болмақ», деп жазды Қайрат Жолдыбайұлы.