Алматыдағы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінде оқитын қазақ сыныптары бастауышты бітірген соң, бірнеше жыл бойы басқа білім ошағына ауысуға мәжбүр болып келген. "Тіл майдан" қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметов пен алматылық ұстаз Дархан Ардақұлы Youtube-тағы "Oilan, tap" арнасына видеоүндеу жариялап, дабыл қақты. Осыған орай Алматы қаласы әкімдігі келесі оқу жылынан бастап мектепте 5-сыныптарға қазақ сыныбы ашылатынын хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"№ 90 мектеп-лицейінің алдында тұрмыз. Бұл мектепте бірінші сыныпқа қабылдар кезде орыс сыныбынан төрт топ алады, яғни "а", "б", "в", "г" сыныптары. Ал қазақ сыныбынан бір-ақ топ алады, ол "ә" сыныбы. Осылайша, бастауыш сыныпта бір-ақ қазақ сыныбы оқиды. Төртінші сыныпты бітіргеннен кейін қазақ тобын шығарып салады. "Басқа мектепке барып оқыңдар" дейді де, бесінші сыныптан бастап тек қана орыс сыныптарын оқытады.
Төрт орыс сыныбы бес орыс сыныбына айналады. Сәйкесінше 11-сыныпта да 90 пайызы ҰБТ-ны тапсырмайды менің білуімше, ЕГЭ-ға (Ресейде жоғары оқу орындарына түсуге арналған емтихан - ред.) дайындалады. Қазақстанның қаржысына Ресейдің болашақ студенттерін дайындап жатырмыз. Орталықта қазақ мектептері жоқ болғандықтан көп жағдайда ата-аналар балаларын орыс сыныбына ауыстыруға мәжбүр", - дейді қоғам белсендісі Дархан Ардақұлы.
Оның сөзінше, мектеп басшылығы қазақ тобын ашпауда кадр жетіспеушілігін сылтау қылып отыр. Youtube-тағы "Oilan, tap" арнасында жарияланған видеода "Тіл майдан" қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметов пен алматылық ұстаз Дархан Ардақұлы мектеп басшылығымен аталған мәселе жөнінде сөйлесуге тырысқан. Белсенділер барған уақытта мектепте болған директордың орынбасарының айтуынша, аталған білім беру мекемесі - орыстілді.
"Біз аралас мектеп емеспіз. Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін ғана қазақ сыныбы ашылып жүр. Жылына бір класс ашамыз. Бастауыш сыныптар оқып жүр. Төртінші сыныпты бітірген соң, әрі қарай олар № 39, № 161 мектепке барады. Бізде жалғастыру үшін пән мұғалімдері керек, оны біз сырттан алуымыз керек болады, бұл жердегі орыстілді мұғалімдер сабақ бере алмайды", - дейді ол.
Өз кезегінде Алматы қаласы білім басқармасы мектеп-лицейдегі жағдай туралы пікір білдірді. Әкімдік 2021-2022 оқу жылынан мектеп жоспарына сәйкес қазақ тілінде оқытатын бесінші сынып ашылатынын хабарлады.
"Алматы қаласының Білім басқармасы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінде оқушылар бастауыш сыныптан кейін оқыту тіліне қарамастан бесінші сыныптан кейін әрі қарай оқуларын жалғастыра алатындарын, 2021-2022 оқу жылынан мектеп жоспарына сәйкес бесінші сыныбының қазақ тіліндегі сыныбы ашылатынын хабарлайды. Сонымен қатар, қажетілік болған жағдайда қазақ сыныптарын оқыту жалғасын табады.
№90 мектеп-лицейінің ата-аналарымен 2021 жылдың 18 наурыз күні жиналыс өткізіліп, мамандандырылған мектептердің бесінші сыныбына оқуға түсу сынақтары туралы түсінік берілді. Биыл төртінші сыныпты бітіргелі отырған қазақ сыныбының оқушылары өздері оқыған №90 мамандандырылған мектеп-лицейіне түсіп, ары қарай оқуларын өз мектептерінде жалғастыруларына толық мүмкіндіктері бар", - дейді ведомство маманы.