«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде «Бауыржан Байбек: коррупционная бизнес-империя сына однокласника Назарбаева» деген атаумен жарияланған видео айыптауларына қатысты белсендіні сотқа беретінін мәлім етті. Бұл туралы ол Тәңірберген Бердіоңғаровқа берген сұхбатында айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Біз демократиялық мемлекет құрып жатырмыз және демократия – анархия емес, заңсыздық емес, ол заңның үстемдік құруы. Әрбір адамның өз аты мен ар-ожданын қорғауға конституциялық құқы бар. Институттар туралы айтқанда, 2015 жылы Елбасы бастамашы болған 5 конституциялық реформаны айналып өте алмаймыз, аталған идеяны Қасым-Жомарт Кемелұлы дамытып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл тек естіп қана қою емес, жауап беру. Қазір мен мемлекеттік қызметші емеспін және айыптауларға жауап бермесем де болар еді. Бірақ ең алдымен мен заңды құрметтейтін Қазақстан Респуликасының азаматымын және қарапайым адам ретінде маған өз атым қымбат. БАҚ-тағы жарияланымдарды анам мен жақындарым оқиды, сол себепті, БАҚ арқылы өз шындығымды айтуға тура келді», - деді ол.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары партия жарғысы, партия мүшесінің этика кодексіне сай әрекет ететінін және сотта Мамайдан нақты құжат жүзінде дәлелдер күтенінін айтты.
«Партияның этикалық кодексі мен жарғысына сай азаматтық, әкімшілік процессуалды тәртіп аясында ресми түрде Жанболат Мамайды сотқа беретінімді мәлімдеймін. Менің жасыратын ештеңем жоқ. Меніңше, әрбір адам ресми түрде мәлімдеме жасап, оны видео ретінде таратпас бұрын, демократия дегеніміздің жауапкершілік екенін түсінуі тиіс. Мен мұндай әрекетке болашақта Мамай сындылар ешқандай кінәсі жоқ адамдарды айыптамас үшін барып отырмын. Елбасы әрдайым «ар-ұятың таза болып, өзіңе сенімді болсаң, бар да әділ сот арқылы қорға» дейтін. Қазір сот отырыстарының бәрі онлайн және ашық түрде өтіп жатыр. Айыптаушы сотқа қандай да бір құжаттарын алып келіп көрсетеді деген үміттемін», - деді Бауыржан Байбек.