Ағайынды Қожаниязовтар облыстық Ішкі істер департаментінен 10 миллион теңге талап етіп отыр. Өзіне келтірілген моральдық шығынды олар осынша ақшаға бағалауда.
Естеріңізге салайық, 5 маусым күні Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін әлеуметтік желілерде терактіге қатысы бар деген күдіктілердің тізімі суреттерімен жарияланған болатын. Бұл тізімде Санат пен Самат Қожаниязовтар да бар еді. Олардың бірі содырлармен байланысқандардың қатарында деп саналса, екіншісі өлтірілген лаңкестердің тізімінде жүрген.Тергеудің мұншама өрескел қате жіберуіне жандары шыдамаған ағайындылар Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментін жазалауды көздеп отыр деп жазады timeskz.kz.
"Біздің анамыз 64-те. Ақтөбеде 5 маусым күні орын алған лаңкестік оқиғаға қатысы барлардың тізімінен менің аты-жөнім мен суретімді көргенде ол ауыр соққы алды. Мен оны Уфаға емделуге апара алмадым, құдасымен бірге кетті. Енді анамды емделуге Қытайға жіберу керек. Енді полицияның осы қателігінен кейін мені Қазақстаннан шығармауы мүмкін", - дейді Самат Қожаниязов.
Ол құқық қорғаушылар жіберген осынау қателік өзі түгілі балаларының да алдынан шыға ма деп қорқады.
Ал, Санат Қожаниязовтың аты өлтірілген содырлардың тізімінде жүрген. Енді ол да осы қателіктен кейін түрлі қиындықтарға тап болғанын айтуда.
"Менің інім Қазпоштаға әкеміздің акциялары бойынша дивидент алуға барған. Бірақ, оған ақшаны бермепті. Лаңкестердің тізімінде тұрсын деп, құқық қорғау органдарына сұрау жіберген", - деді Самат Қожаниязов өз інісі туралы.