$ 494.87  520.65  4.91

Отандық QazVac вакцинасының алғашқы партиясы аймақтарға жөнелтілді

«QazVac» вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СК-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады.

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясын жөнелтуге қатысты және Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентіндегі биофармацевтикалық зауыттың құрылысы барысымен танысты, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Қазақстандық вакцинаның жасалуы біздің еліміздің коронавирус инфекциясына қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына енуіне мүмкіндік берді. Бұл тек халықтың денсаулығына ғана қатысты мәселе емес, сондай-ақ отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды іс жүзінде қолданудың, мемлекеттің беделдің дәлелі, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцинаны жасау бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Вице-премьер Мемлекет басшысының қазақстандық вакцинаны шығару жөніндегі барлық тапсырмалары Үкіметтің ерекше бақылауында екенін және вакцинаның бірінші партиясының бүгінгі шығарылуы іс жүзінде орындалғанын айғақтайтынын атап өтті. 

«QazVac» вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СК-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Осы жылғы 26 сәуірде халықты QazVac вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады. 

Отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Оның толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Белсенділігі жойылған вакцинаның артықшылығы, ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан басқа, QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады. 

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов жұмыс сапары кезінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысы барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары аяқталды. Инженерлік желілерге қосу арқылы жабдықтарды жөндеу, қосу-баптау және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылғы наурызда GMP стандарттарына сәйкестігі туралы зерттеудің оң қорытындысы (DQ) алынды. 

Келесі қадам - ​​ ​валидацияны жүзеге асыру және GMP халықаралық стандартының сертификатын алу. Осы мақсаттар үшін «Атабай» түрік компаниясы жұмылдырылды. Объектіні аралау қорытындысы бойынша вице-премьер оған оң баға беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық вакцина өндіретін зауыт құрылысы белгіленген мерзімде аяқталғанын атап өтті. Биыл Биофармацевтикалық зауыт іске қосылғаннан кейін оның базасында QazVac вакцинасын өндіру жалғасатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары