31.08.2016, 10:49

Есік қаласында қыз зорлаған төртінші күдікті ұсталды

Есік қаласында 33 жастағы Жібек есімді жергілікті тұрғынға күш көрсетіп, артынша зорлау дерегі бойынша төртінші күдікті қолға түсті деп жазады Informburo.kz. Нұрбол Елтай есімді күдіктіге сыбайластарымен алдын ала сөз байласып, адам ұрлаған деген айып тағылуда.

"Алматы облыстық сотының мәліметінше, ұсталған төртінші күдікті де 2 айға уақытша ұстау абақтысына жабылған. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы, 2-тармағының 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Естеріңізге салайық, аталған зорлау оқиғасы 20 тамызда орын алған болатын. 33 жастағы Жібек есімді жергілікті тұрғынды 4 жігіт көлікке күштеп отырғызып, ұрып-соққан және зорлаған. Қарындасына ара түспек болған ағасын да қаскөйлер соққы астына алған.

Қыздың туыстары күдіктілердің екеуін полицияға өз қолдарымен апарып бергеніне қарамастан, тәртіп сақшыларының оларды босатып жібергені анықталды. Артынша, жәбірленушінің анасы әлеуметтік желілер арқылы видеоүндеу жариялағаннан кейін ғана іске Алматы облыстық ІІД араласып, күдіктілер қайта қамауға алынды.