Алматы полиция департаменті есірткі қылмысы бойынша күдікті ретінде ұсталған Mad Men Q-pop тобының әншілеріне қатысты ісі қандай бап бойынша тергеліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полиция мәліметі бойынша, ісі ҚР ҚК-ның 297-бабы 3-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу" бойынша сараланған.
Бап мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Бұған дейін Алматы полициясы есірткі қылмысына күдікті ретінде ұсталғандар қатарында танымал Q-pop тобының әншілері болғанын хабарлаған болатын.
Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыда қылмыстық топтың ұсталған сәті түскен видеоға белсенді түрде пікір жазып жатыр. Кейбіреуінің айтуынша, ұсталғандардың ішінде бірнеше адам Mad Men Q-рор тобының мүшелеріне ұқсас. Олардың ішінде пікір қалдырушылар топ мүшесі Moora мен олардың продюсері Руслан Хванды танып отыр.