24.04.2021, 14:30

Түркістандағы «ұшатын театрдың» шатыры ұшып кетті

Фото: azattyq-ruhy
Әлемде теңдесі жоқ театр бір ай бұрын «Керуен сарай» туристік кешенінде ашылған болатын.

Түркістан қаласындағы бір ай бұрын ашылған «Керуен сарай» туристік кешенінде әлемде теңдесі жоқ ұшатын театрдың шатырын қатты жел қиратып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде, нақтырақ айтсақ astana.times Instagram-парақшасында жарияланған видеодан қатты жел салдарынан шатыр қаптамаларының қалай ұшып жатқанын көруге болады.

«Алдымен стадион, енді мына театр... Самұрық құстың жұмыртқасы біреудің басын жармаса болды», - дейді видеодағы дауыс.

Еске салсақ, наурыз айында ашылған театр ғимараты Самұрық құстың жұмыртқасы іспеттес пішінде қиял-ғажайып халық аңызына негізделіп жасалған.

«Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа пішіміндегі ерекше театрда Бәйтерегіміз сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі», – деген болатын жоба авторлары.