ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жамбылдық ақын Күләш Ахметованы 75 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күләш Ахметованы арнайы құттықтап барған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев белгілі қаламгерге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізіп, оқып берді.
Мемлекет басшысы Күләш Ахметованың өлеңдерінің өміршеңдігін атап өткен. Оның шығармашылығындағы лирикалық образдар жарқын әрі нақ суреттеліп, дүниедегі құбылыстар ақын көзқарасымен оқырмандарын еріксіз баурайтындығы айтылған. Өз құттықтауында Мемлекет басшысы Күләш Ахметоваға зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеген. Бердібек Сапарбаев ақынды мерейтойымен құттықтап, гүл шоғын табыс етті.
«Сіздің өлеңдеріңізді бірнеше жас буын ұрпақ сүйіп оқып, өсті. Шығармашылығыңыздың негізі адал достық пен махаббат, жомарттық пен патриотизм десек, сол арқылы жас ұрпақты дұрыс жолға тәрбиелеуге үлес қосып келесіз. Сіздің парасатты поэзияңыз арқылы қалың оқырман ой түйіп, жақсылыққа ұмтылып, бойың түзейді», - деп атап өтті өңір басшысы.
Күләш Ахметова ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Қарапайым отбасында дүниеге келген К: Ахметованың өмір жолы оңай болмады. Оның ерекше таланты балалық шағында байқалып, 14 жасында-ақ жүрекжарды балауса жыр жолдарын қағаз бетіне түсіре бастады.
Бүгінде ақынның нәзік лирикалық және патриоттық тақырыптағы отты өлеңдері ойлы оқырмандарының жүрек төрінен орын алып келеді. Тұлғаның Қазақ даласындағы Сөз бен Әннің ұлы рөлі туралы ойлары халықтық аңыз-әңгімелермен ұштасады. Күләш Ахметова «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ - жаздың жүрегі» және тағы да басқа бірқатар кітаптардың авторы. Ол кеңестік кезеңде Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанған санаулы мәдениет қайраткерлерінің бірі.
Күләш Ахметова қолынан қаламын тастамай, бүгінде өз шығармаларында патриоттық тәрбиеге, туған жерге деген сүйіспеншілікке айрықша басымдық беріп келеді. Мерейтойы қарсаңында Күләш Ахметованың жаңа бес томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартты. Карантиндік шектеулерге байланысты мерейтойлық негізгі шаралар күзде өткізілмек.
Соған орай ақынның Отанға арналған жаңа кітабы жарық көреді деп күтілуде. Оған Қазақстанның әр аймағындағы табиғаттың сұлу көріністері суреттелген өлеңдер топтамасы енеді.