29.04.2021, 17:00

«QazCovid-in» вакцинасын 9 мың адам салдырды

Фото: ашық дереккөзі
Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету үшін елде халықтың 60% вакциналануы керек.

Санэпидембақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасын 9 мыңға жуық адам алғанын айтты, деп хабарлайды Orda.kz сайты.

— Вакциналау – пандемиямен күресудің ең тиімді тәсілі. Сондықтан вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың вакциналауға деген сенімін арттыру өте маңызды. Мен мысал ретінде вакцинаның мүлдем қауіпсіз және тиімді екенін көрсеткім келді. Біз бәріміз неғұрлым тез вакцина алсақ, соғұрлым тезірек шектеу шараларынсыз өмірге ораламыз, – деді Есмағамбетова.

Есмағамбетова отандық QazVac вакцинасын шығару арқылы қазақстандықтарда таңдау пайда болғанын атап өтті.

— Бүгінгі таңда қазақстандық вакцинаны 9 мыңға жуық адам алды, – деп нақтылады Есмағамбетова.

Оның айтуынша, ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету үшін елде халықтың 60% вакциналануы керек. Тек осылай ғана вирустың айналымын тоқтатуға болады, деді ол.

— Бізде мұндай қамту жоқ, вирус айналымы жалғасуда. Сондықтан, әзірге біз ұжымдық иммунитетке қол жеткізе алмадық, маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет, – деді Есмағамбетова.