03.09.2016, 04:26

Ташкент халқы Каримовпен жылап қосштасты (ВИДЕО)

Ташкент тұрғындары қайтыс болған ел президенті Ислам Каримовты ақтық сапарға шығарып салу үшін жаппай көшеге шықты деп жазады gazeta.uz порталы.

Қаралы кортеж президенттің жұмысына және әуежайға бару үшін күнделікті жүріп өтетін трасса арқылы өткен. Аталған жолдың екі бетінде де ине шаншар бос орын болған жоқ. Гүл ұстаған халық көшбасшыларын жылап шығарып салды.

Ташкент әуежайынан Каримовтың денесі салынған табыт Самарқанға ұшып кетті. Бүгін мұнда президенттің жаназасы оқылып, жерлеу рәсімі өтеді. Марқұмның денесі екі бауыры мен анасы жерленген молаға қойылмақ.

Өзбекстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, мемлекеттің тұңғыш президенті Ислам Каримов 1938 жылдың 30 қаңтарында Самарқанда дүниеге келген. Ол Өзбекстан тәуелсіздігін алған күннен бастап ел билігін тізгіндеді.