Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, қырғыз-тәжік шекарасында екі күннен бері жалғасып жатқан қақтығыс салдарынан 134 адам жарақат алған деп жазады 24.kg. 13 адам қаза тапты, арасында кішкентай бала бар.
Жараланған 25 адам Баткен облысынан Бішкекке арнайы бортпен жеткізілді. Олар ел астанасындағы ауруханаларға жатқызылған. Екі науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Қалғандары қанағаттанарлық деңгейде.
Сонымен қатар, Тәжікстан тарапынан тағы үш адам қаза тапқан. Мұнда жараланғандар саны 31-ге жетті. Олардың арасында Исфара қаласының мэрі де бар.
Еске салайық, екі елдің шекарасындағы қақтығыс 28 сәуірде басталған еді. Тәжікстанның шекарашылары қырғыздар су алатын «Головной» (Кок-Таш айылы, Баткен облысы) пунктіне бейнебақылау камерасын орнатқаннан кейін, тұрғындар оны алып тастауын талап еткен. Талап орындалмағаннан кейін екі жақ алдымен таспен, кейін қарумен атыса бастаған.