$ 494.87  520.65  4.91

Астана соты белгілі блогердің бір жылға бостандығын шектеді

Сот үкімі 15 күннен соң күшіне енеді, оған дейін апелляциялық шағым түсіруге болады.

29 сәуірде Астана қаласының №2 соты "Facebook желісіндегі жазбалары үшін тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталған тәуелсіз журналист, блогер Айгүл Өтепованың бас бостандығын бір жылға шектеді.

Сот онлайн режимде өтті. Оған айыптау тарабынан прокурор Расул Ахат қатысты.

Судья Ибрагим Әлкеновтің мәлімдеуінше, Айгүл Өтеповаға қатысты ұсынылған материалдарда оның Қазақстанда тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысы бары анықталғандықтан сот оның кінәсі толық дәлелденді деп санайды.

"Сіз орташа дәрежедегі қылмысқа бірінші рет жауапқа тартылып тұрғандықтан сот бас бостандығыңызды бір жылға шектеп отыр. Тұрақты жұмысыңыз жоқтығын ескеріп, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тарту жазасын берді. Тұрақты мекенжайыңыз бойынша пробациялық есепке тұруыңыз керек. Егер есепке тұрмай немесе басқа да заңбұзушылықтар жасасаңыз, пробациялық бақылаудың сотқа жасаған ұсынысы негізінде бас бостандығын шектеу жазасы түрме жазасымен алмастырылады" деп ескертті судья.

Сот процесінің соңы Айгүл Өтепова мен судья Ибрагим Әлкеновтің диалогына ұласты:

- Үкімнің негізгі талабынан өзге 405-баппен сотталғандардың құқығына көп шектеу қояды. Менің қандай құқықтарым шектеледі? Банктегі есепшоттарым мен журналистік, блогерлік кәсіби қызметіме не болады?

- Сіздің бас бостандығыңыз бір жылға шектелді. Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-5 тармақтарына сай, сізге 3 жылға дейін қоғамдық- саяси қызметпен айналысуға, оған қатысуға, оның ішінде БАҚ және телекоммуникация қызметтерімен айналысуға тыйым салынған.

- Қоғамдық саяси қызмет деген не?

- Сіз оның не екенін жақсы түсініп отырсыз.

– Жоқ түсінбедім.

– Біз сізге үкімнің толық нұсқасын жібереміз.

– Мен "Нұр Отан" партиясына жаза мерзімім біткенше мүше бола аламын ба? "Нұр Отан" да қоғамдық-саяси партия, – деді Айгүл Өтепова.

Судья бұл сауалды жауапсыз қалдырып, сот мәжілісінің аяқталғанын хабарлады.

Сот үкімі 15 күннен соң күшіне енеді, оған дейін апелляциялық шағым түсіруге болады.

Айгүл Өтеповаға қатысты сот процесі биыл 15 наурызда басталған. Ол 2020 жылдың 17 қыркүйегінде үйқамаққа алынған. Сол жылы қарашаның ортасында сот үйқамақ уақытын созып, кейін блогерді психдиспансерге жатқызды. 11 желтоқсанда Өтепова диспансерден шығып, үйқамаққа қайта алынды.

Тергеу органдары блогерді Қазақстан соты "экстремистік" деп тапқан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жұмысына араласты деп айыптаған. Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Өтепова өзінің ешқандай саяси ұйымға мүше емес екенін айтқан және қылмыстық істі саяси оқиғалардан хабар тарату қызметімен байланыстырған.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өтепова ісіне алаңдаушылық білдірген. 1 сәуірде халықаралық "Журналистерді қорғау комиттеті" (Committee to Protect Journalists) Айгүл Өтеповаға араша түсіп, Қазақстан билігінен оның ісін тоқтатып, дереу босатуды талап еткен.

Қазақстанда журналистер "тәуелсіз ақпарат таратқаны үшін қудаланбауы тиіс және билік журналистердің қауіпсіздігіне жауапты, олардың қорықпай, еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс" деген еді CPJ бағдарламалар директоры Карлос Мартинес де ла Серна ұйым мәлімдемесінде.

2020 жылы қарашада Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны"деп атады. Ұйым Өтепованың "пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қуғындалып отырғанын" сынап, оны босатуға шақырған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары