Қазақстандық әнші және композитор, Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев дүниеден озды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Қаралы хабарды мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мәлімдеді.
"Ардақты ағамыз, асыл ағамыз, әйгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан КСР халық артисі Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев өмірден озыпты.
Марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Иманы саламат болсын", - деп жазды Нұрқиса Дәуешов.
Бұған дейін Ескендір Хасанғалиев пен жары Дарико коронавирус жұқтырып, жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланды. Кейін әншінің ауыр халде жатқаны белгілі болды.
Әр қазақтың жүрегінен орын тапқан әнші 81 жасында бақилық болды.
Ескендір Хасанғалиев - белгілі қазақстандық композитор, әнші. Қазіргі қазақ әнінің негізін қалаушылардың бірі.
Ол Батыс Қазақстан облысының Батбаккөл ауылында дүниеге келген.
Қазақтың халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндерін орындап, Қазақ радиосы мен теледидарының солисі атанды. Ескендір Хасанғалиев "Анаға сәлем" атты алғашқы авторлық әнін 1961 жылы жазған.
SKIFNEWS.KZ редакциясы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады.