Жамбыл облысында жоғалып кеткен 23 жастағы бойжеткеннің денесі табылды. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Facebook-парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2021 жылдың 14 ақпанында Шу аудандық полиция бөліміне Төле би ауылының тұрғыны хабарласып, 23 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы арызданған.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл түрде жедел-іздестіру шараларын бастады.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеп-тексеру барысында 29 сәуір күні Шу өзенінен жоғалып кеткен әйел адамның күш қолдану белгілері бар мәйіті табылды», - делінген хабарламада.
Табылған денені жәбірленушінің туыстары таныды.
Қазіргі уақытта күдіктіні полиция қызметкерлері анықтап, ұстады, сондай-ақ тергеу изоляторына қамаққа алды.
«Алдын ала тергеу барысында күдіктінің жәбірленушіге пышақ жарақатын салғаны, содан кейін қылмысты жасыру мақсатында денені Шу өзеніне тастағаны анықталды.
Қылмыстық іс бойынша сот сараптамалары тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген хабарламада.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты іске қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді.