Шымкентте көршілер арасында туындаған жанжал кісі өлімімен аяқталды. Араққа сылқия тойған ер азамат егде тартқан көршісін күрекпен ұрып жазым қылған. Бұл туралы жергілікті TVK телеарнасы хабарлап отыр.
Қанды оқиға 4 тамыз күні кешкісін қаланың жер үйлер орналасқан ауданында орын алған. 59 жастағы ер азамат өз ауласында үй шаруасымен айналысып жүргенде оған 35 жастағы көршісі келіп, әңгімеге тартыпты. Бұл әңгіменің соңы жанжалға ұласып, жас көрші үлкенін күрекпен ұрып құлатқан. Басынан алған ауыр жарақаттан жәбірленуші сол жерде жан тапсырыпты.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем станциясы марқұмның өлімін тіркеуден басқа ешқандай көмек көрсете алмады.
Әзірге көршілердің ұрысына не себеп болғаны анықталып жатыр. Күдікті азамат қамауға алынып, полиция тергеу жұмыстарын жүргізуде.