Бішкек түбіндегі Лебединовка ауылында жас жігіттер қызды ұрлап кетті. Милиция күдіктінің кім екенін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Оқиға шамамен 23.00-де болды. Қызды ұрлау сәті видеоға түсіп қалған.
Түнгі екіде милицияға 20 жастағы бойжеткен арызданып, апасын белгісіз біреулер Toyota Estima маркалы көлікке күштеп отырғызып, алып кеткенін айтты.
Шу облысы Ішкі істер бас басқармасының мәліметінше, сотқа дейінгі өндіріс басталды, күдіктінің кім екені анықталды. Құқыққорғау органдарының қызметкерлері ер адамның тұратын жеріне аттанған.
Sputnik Қырғызстан тілшілері ұрланған қыздың туыстарымен байланысқа шықты. Олардың айтуынша, қыз әлі табылмаған, бірақ "күйеу бала" жақтан елшілер келіпті.
"Әзірге оның қайда екенін білмейміз. Алайда жігіттің туысқандары келіп, қызымыз алып қашудан кейін тұрмысқа шығуға келіскенін айтты. Қыздың ата-анасы қарсы, балаларымен сөйлесуге мүмкіндік беруді өтініп отыр", - деді туыстары.
Милиция оқиғаға қатысты толық ақпаратты кейінірек беруге уәде етті.
Айта кетсек, Қырғызстанда қызды үйлену мақсатында ұрлау қылмыс болып саналады.
Еске салсақ, осы жылдың 5 сәуірінде Бішкекте үш ер адам 27 жастағы Айзада Қанатбекованы көлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа қарай алып кетті. Кейіннен қала сыртында қойшы жоғалған қыз бен 36 жастағы ер адамның денесін көліктен тапты.
Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, ер адам қызды буындырып өлтіріп, содан кейін өзін өлтірген.